ОНША ЕМЕС ЖАЗУЛАР / Блоги.Казах.ру — блоги Казахстана, РК
rus / eng / kaz


СМИ могут копировать в свой блог ленту новостей или статей. Дополнительное внимание и комментарии обеспечены. Если у вас уже есть блог в другом месте — можно автоматически транслировать записи из него в нашу блог-платформу Статья Корпоративные блоги: Как вести? содержит практические советы и примеры
Любой блог можно сделать коллективным. Для этого надо определенным (или всем) пользователям дать права на запись в него. Можно ставить записям будущее время. Запись будет в черновиках и в указанную минуту автоматически опубликуется.












ОНША ЕМЕС ЖАЗУЛАР



қысқаша

Блог Zhazular Автор блога
Лента друзей
Войти Регистрация



Жаңа телебізірден екі полицей туралы айтты. Олар өздерін жұмыстан қуып шыққан бастық ағайларына ренжіп, енді әділдікті… СТИНГтен сұрамақшы екен! Әңгіме былай ғой, өздері істейтін офистерінде ме екен, итім біліп пе, әйтеуір бір жерлерінде құжаттар жоғалған дей ме? Шәй ішіп отырып дұрыс түсінбедім. Кеше әйелім базардан килограмын 95 теңгеден алған тас кәмпит тісіме жабысып қап, ай бір сырқыратып ала жөнелмесі бар ма. Оның үстіне ауыз үйдің есігі де ашық тұрған, салақтіл де үріп қоймады. Сөйтсек, көрші Мұрқаның ала қасқа бұзауы тағы да апам еккен жүзімдікке түсіп кетіпті. Содан ұққаным жаңағы екі полицейді жоғалған документке тікелей кінәлі деп тауып, қысқасы, жұмыстан айдап шыққан ғой. Ал аналар (как абычна) бой бермей жатыр, біз алмадық, тиіспедік, біздің қатысымыз жоқ деген сияқты Онымен қоймай, бұл елде әділеттілік жоқ, бұлардың бәрі оңбаған, ал мен сендерді Стинг көкеме айтып қандарыңды ішкізіп алам деген құқайларын да жасырмады. Соңғы сөздеріне әйелім кішкене қызарақтап қалды. Онсыз да әлем шарлап, “мұнайшылардың қамын жеп”, қолы тимей жүрген Стинг көкемнің осындай болмашы нәрселермен басын ауыртып, ұят болатын болды-ау… Ал меніңше, мына экс-полицейлер дұрыс істеп жатқан сияқты. Бұларды бар ғой осылай анда -санда Стингпен “қорқытып” тұрмаса болмай кетті. Бірақ жаңағы жұмыстан қуған жақтан бір кісі (ол да полицей ғой деймін, форма киіп апты) күліп қояды. “Енді бұлары баланың ойыны ғой. Хе, хе… Стинге хат жазып, араша сұрап…”

Күлген күлкісінен ” заявчиктердің” бұл “құқайын” бір жеріне де қыстырмайтын нышан байқалды. Қысқасы, ана екі бейбақты мазақ қылып тұрғандай көрінді. Хе-хе, прикол қайда жатыр, иә?

Жарайды, бұрында біздің Бәбөш бұзық бола бастағанда, әй, доқтырға айтам деп жым қылатын едім.

Каааарооче, Стинг жақсы болды ғой. Енді біреу-міреу ұнамай қалып жатса, Стекеңе хат жазып, шат шәлекейлерін шығартып, ел алдында “қызартып”, ох, бір “әділдікке” қолым жетіп, марқаймасам!

Тіпті бар ғой, байлап тәртіпке салмаса, жүзімдікке түсіп, салақтілдің мазасын алып жүрген Мұрқаның ұятсыз ала бұзауының да мәселесін Стинг көкенің алдында қарайтын боламын! Уа, Мұрқа, естідің бе?

П.с:

СТИНГ біздің көкеміз!

Ол болмаса не етеміз?

Стекең болып, бас бунтарь,

“Әділдікке” жетеміз!

….айтпақшы, не ғой, “біреудің қотырын біреу қасыппаны” ұмытып барады екем…



Түбіне жеткен өркөкіректік. Кегжиген басы тіпті жүрегі қалап тұрған жанның алдында да иілмеді-ау. Мүмкін ол шынын айтқан шығар… мүмкін ол шарасыздықтан кеткен шығар. Мейлі, ол тіпті қыз болып еркелеген шығар. Іздесін, сағынсын деген шығар. Кешіре салса несі кетер еді?

Енді міне қуықтай бөлмеде азынаған суық пен аңырайған жан дүниесі егіз талап, бұрышта бүрісіп жатыр. Кенет телефоны шыр етті.

-Алло, Қайнар қайдасың? Далаға шық! Қар жауып тұр…

«Осы бір Ермектің-ақ ойыны тасып жүреді.»

-Жоқ.

-Неге жоқ? Не себеп? Аппақ қар ғой айнала!

Тіпті тергейтінін қайтерсің?

-Жоқ, демек жоқ! Шықпаймын! Немене тергеушісің бе?

-Жоға. Жарайды, шықпасаң қой.

«Тыңқ-тыңқ».

Жыны тырысқанда маңына жан жуытпайтын жаман байталдың мінезіне бергісіз тарпаңдығы бар. Кешеден бері қара жамылып жатыр. Бөлмедегілер де таң атқалы орындарында тұрақтай алмай, бұның шарт мінезіне ілігіп қалудан сақтанып, бірі дәліз кезіп, бірі көрші студенттерді сағалап жүр. Ал бұл жан баласына ләм деместен жатты да қойды.

Ақбілек, қайран, Ақбілек… Оның алдында өз әлсіздігін сездіріп алмау үшін бар күші мен айбарын жинап, жүрегінің қалап, тілінің бұрылып тұрған сөзін емес, керісіншені кертіп, қыр асып, қыртып тұрар еді. Әркез суыққандылық танытып, оның ыстық сезімін елемегенситін. Құштарлығын көрмегенсіп, ынтықтығына ілтипат та білдіре қоймайтын. Сондағысы өз бағасын асыру, яки, болмаса жігіт екенін, бәзбіреулердей қыз біткенге құлай кететін етексүйгіш еместігін көрсету болатын. Енді соның құны қайсы? Парқы нендей дәл қазір? Көзіне ып-ыстық жас кеп тұр. Тістеніп, намысы алқымынан алып, шиыршық атып жатыр…

Ақбілектің аяқ астынан қабылдаған шешімін оның бөлмелес қызынан естігенде жарылып кете жаздады. Жаңа жылда бірге боламыз деген өзінше жоспарының күл-талқан болғанына зығырданы қайнап-ақ кетіп еді. Жын соққандай бөлмесіне барған. Үрпиісіп қалған қыздарға сәлем де берместен Ақбілекке дүрсе қоя берді.

-Аулыңа кетсең, қайтып келмейсің! Маған да айтпай кетіп бара жатыр екенсің, жолың болсын!

-Мен бір-ақ айға барам ғой, сессия бітті. Саған кешке айтқалы жатқам-деп еді Ақбілек қасындағы қыздардан қымсына жауап беріп.

-Кете бер! Бірақ екінші менің көзіме көрінуші болма!

-Сен мені іздеп келмейсің бе? Өзің айтып едің ғой.

Бұл әнтек жымиған. Онысы сұр жыланның ысылынан кем түспестей болатын.

-Әрине, жоқ! Қалай кетсең, солай келерсің. Бірақ мен ұмыт. Іздеп келетіндей, Қырым асып бара жатқан жоқсың ғой.

Бұл атып шықты да, ендігі шешім мен бағытын анықтай алмай тұрып қалған. Жаңа ғана жанындай жақсы көретін Ақбілегін жынды мінезінің жетегіне еріп, жылан тілімен шағып кетті.

Бірақ қайтып кіруге, сыпайылап сөйлесуге көкірегі жібермей, желкесі бұрылмай, аяғы баспай қойды. Ит ашуы қозып, кімге тиісерін білмей, түн жарымына дейін жүріп алды.

Ақбілек екі күннен соң ауылына кетті. Қаншама рет қоңырау шалды. Ал бұл қыңыр есегін мініп, қисайды да қалды. Көтермеді. Смс хаттарға да жауап берген жоқ. Тіпті, «анам үшін кеттім, науқасы ушығып барады, әйтпесе сенің қасыңда –ақ болғым келген, түсінші» деп жазған жыларман халіне де қыңқ етпеді.

Ал кешегі хабарды естігенде құйқасынан төмен қорғасын құйғандай болды. Қыс басталғалы Алматының ала шарбы бұлттары төбеден төніп, адам біткеннің ісін бақылап, бір кетпей қойды. Желтоқсанның нөсерін жұрт біткен жамандыққа жорып жатты. Тайғақ жол таптырар апаттың санын алдын-ала айтып, сәуегейлікке салынған елдің пысықтығы ұнамап еді. Қарғыс атқыр автобустар! Жын ұрғандай жүретін Алматы-Шымкенттің содыр жүргізушілері! Қыршындай кеткен өмірдің, желкілдеп келе жатқан желкеннің жер болуына кінәлі иттер!

«Жол апаты Тараздан шыға берісте болыпты. Ақбілекті енді көрмейміз» деді де, бөлмелес қыз Жанар өкіріп жылап жіберді. Бұл қапелімде түкке түсінбей қалған. Мағынасыз тұрды да қойды. Бір сәт мына өмірдегінің бәрі жалған екеніне көзі жетті. Тіпті мына сырғақтап жауған қар да, мына студенттік қызық шақ деп жүрген күндері де, мына қарсы алдында сұңқылдап тұрған өрімдей қыздың көз жасы мен тіпті өзінің мына сөлбірейген сиқы да өтіріктер әлемінен әкелінген қуыршақтың ойынындай болып кетіп еді.

«Уһ» … аунап түсті. Өміріне лағынет айтты, күйіп жатып. Кенет ойына өткенде теледидардан көргені түсті. Жыл басынан бері өз-өзіне қол жұмсаған жастың саны 20 ға таяп қалды дегенде денесі дір ете қалып еді-ау. Бұл неткен зұлмат деп ойлап еді. Ал қазір бір зымиян ой ақылын құрсаулап, әр деміне араласып, қан тамырларын жайлап бара жатты. Кенет қолдары ұйып сала берді. Артынша бар денесін дендеп, аяқтары тартылып, тілі икемге келмей құрысып қалды. Әне бір қап қара киінген түнек адам жақындап келді. Ұста. Ұста мына пышақты дегендей. Бар еркі мен қимыл-қозғалысының тізгінін бір қолына алған мына түнек адам басымдық байқатып, әкетіп бара жатыр. Бұл ауа қарманып, булықты да қалды. Ұста мына пышақты! Енді қалған өміріңнің құны жоқ. Ұста! Ұста! Өл! Өл! Өл! Ап-анық. Туп тура алдында тұр. Неткен сиықсыз сипат, неткен сұрқия дауыс! Қолы өз еркінен тыс үстелдің үстінде жатқан пышаққа созылып бара жатты. Бұл мұнда қалай келген? Жаңа ғана бұрышта жатқаны есіне түсті. Өне бойы дір етіп, қалтырап кетті. Қаныпезер қара пышақтың жүзі жымың атып жалтылдап кеткен бе? Бұл да өз құрбандығы көргенде қуанады екен-ау. Қара түнек мұрнының тұсына кеп тұрып алды. Бетпе бет тірескенде мүңкіген исі мен пысылдап алған демін де анық сезді.Тіпті қолының көтерілгеніне де көмектескендей. Демегендей. Әне қара пышақ қайрылып келе жатты. Кенет бар күшін жинап кәлиманы айтпаққа бекінді. Ойпырым-ай. Жұма сайынғы мешітте айтылатын осы бір екі сөйлемнен қиын, екі сөйлемнен ұзақ, екі сөйлемнен ауыр бейнетті татпаған шығар-ау. Тілінің үстіне тас мінгендей қозғалар емес. Таңдайы жабысып, жағы қарысты да қалды. Кешегі ауыр жаңалық жұқтырған қайғы да мұның қасында есеп болмай қалды. Басы артқа қарай кекжиді. Тізелері сынып кетердей сіресіп тұр. Тұла бойы су боп терледі. Қолындағы қара пышақ төбеге көтерілген күйі, енді бір ми талшықтары беретін бұйрықты күтіп, шалт кетуге әзір тұр. Кәлиманы айту мұнша ауыр болар ма? Алатаудан да ауыр, қара жерден де қатты, теңізден де терең сөздің құдыретін-ай. Өз-өзіне қол жұмсаған адамның тікелей тозаққа кететінін оқығаны бар. Тіпті оған жаназаның да шығармайтынын жібек мінезді Жұмабек айтып отыратын. Өз-өзіне қол жұмсау мен кәлимәның бір-біріне кереғар ұғымдар, бітіспес жау, жібіспес дұшпан екенін қалай ғана естен шығарды? Ал әнеукүні мешітте айтылған уағыздағы жайт ше? Өз ажалымен өлер алдында кәлиманы айтқан адамның жәннәттық болатынын естігенде, осы екі сөзді айту кімнің қолынан келмес деп топшылап еді. Жоқ. Тағы да Жұмабектің айтқаны рас болды. Оны айтуға лайықсың ба, мәселе сода деп еді төмен қарап, жер шұқып. Адам өзі тұрмақ, өзгеге зияны тигені үшін жауапқа тартылатыны анық болғанда, аманатқа берілген тәніне пышақ сұғу неткен ауыр қылмыс? Адамдардың да, Алланың заңы да ақтап ала алмастай неткен зұлмат күнә?

Кәлима. Тілі сынсашы… Жұма сайын, күн сайын, сәт сайын айту бар да, мағынасын сезіну, осы бір екі сөйлемнің қадірін түйсіну, бұйрығына бас ұру бөлек әңгіме екен-ау. Лайықсың ба? Қандай қатты, қандай қатал, алайда, әбден орынды сұрақ. Жарық дүние мен о дүниенің арасындағы жұқа жіпті қақ бөлуге даяр, қара пышақ сермелер сәт арасындағы салған ой осы болды.

Бұл өзінің лайық еместігін енді сезді. Өлім туралы ойлаудың өзі ағат екенін, тіпті зұлымдық екенін енді түсінді. Түсінді де тұла бойы шымырлап сала берді. Енді бір сәт анасы есіне түсті. Томпаңдаған інісі мен бұрымы желкілдеген қарындасы көз алдына келді. Бетін жуған ыстық жастың кермек дәмі тіліне тиіп, күйдіріп ала жөнелгенде бұл «лә илляха илль Аллаһ…» дей берген. Бағанағы қар түнек адам да, тамырларын жайлап, сумаң қаққан зымиян ой да лезде ғайып болды. Саусақтары ашылып сала берді. Қара пышақ кәнігі жансыз мақұлық кейпін тауып, жерге дәрменсіз күйде тасталды да кетті.

Азынаған қуықтай ғана бөлме. Сыртта сақ-сақ күліп қар атқыласқан студенттер. Ымырттағы жатақхананың артына жиналатын қыз – жігіттердің базар шағы. Бақытты шағы.

Қайнар сүйретілген күйі төсегіне келді. Жаңа ғана өзі лағынет айтқан мына өмірден тәтті, мына өмірден ғажап ештеңенің жоғын жаңалық ашқандай түсініп отыр.

Жұмабек айтатын тағы бір сөз, өлгендерге істелетін амалдың ең абзалы құран оқып, дұға бағыштау. Одан басқасының бәрі бос. Ақбілектің артынан кетпек болған, ақымақтық әрекетіне жаны түршікті. Алла берген тағдырына қарсы шығып, өміріне қол сала жаздады-ау! Бұдан өткен зұлымдық болар ма? Әлсіз сорлының әрекетіне жүгінгенше, қайта сор болған сезімі мен зарланған жүрегін, мұқалған қайратын қайрап, сүйгені үшін, сүйгені сезінген ыстық сезім үшін, мына жатақхананың айналасында кешкен қимас күндер үшін, ардақты өмір үшін және қымбатты кәлимә үшін қиындық біткенді қасқайып қарсы алып, күн кешпей ме?

Қайнар тұла бойындағы сергектікті байқады. Жүрегі атша тулап тұр. Тәні өмірі болмаған жеңілдікті сезінді. Сірескен тізе мен кегжиген мойын да жібіп барады. Тілінің «ля илляһа илль Аллаһдан» босамай кеткенін енді байқады. Сонда да айта берді. Неткен тәтті сөз! Нектен құштар сезім… бұрын қалай байқамаған. Кенет телефоны шыр етті.

- Алло.

- Алло, Қайнар, далаға шықпасаң астына түс. Ауызашар бергелі жатыр. Тегін тамақ… Ойлан!

Бөлмелес Ермектің даусы әдеттен тыс ыстық көрініп кетті. Бағанағы қатты сөзіне өкініп кетті. Көзіне жас та кеп қалды.

- Мен ораза ұстамадым ғой.

- Мейлі , келе бер. Ұстамасаң осыдан соң ұстайсың! Тамақ бәріне де жетеді. Қайта сауап аламыз!

Қайнар төсегінен тұрды. Жастығына астында жатқан сүйікті жаны, әзиз досы, қайрылмасқа кеткен махаббаты Ақбілектің суретін жайлап алды да, анықтап қарады. Әркез күліп тұратын көздеріндерінен моншақ мұңды көргендей болды кенет. Ақбілектің ендігі өмірінде мұны естімейтінін де анық түсінді. Көрмейтініне де көнді. Жиырмасында жер жастанған жаннан осы бір алақандай суреттің қалғаны да үлкен олжа. Жүрегі шым етті. Алайда тіліндегі кәлима, тағдырында сыйланған алдағы күндеріне шүкіршілік етуді бұйырғандай. Еңсесін басқан ауыр қазаның күйігін рамазанның ақшамындағы осы бір сәті аз да болса сейілткендей. Бұл қараңғылықтың қамыты киіле бастаған қуықтай бөлмеден атып шықты. Тілінде сол тәтті сөз – кәлима, «Лә илляха иль Аллах, Мухаммәд расуль Аллаһ!»

Көрші отырған қыз екіншісінен:
-Орамал тағатын қыздар туралы сюжетті сендер жасайсындар ма -деп сұрады.
анау: -иа
көрші столдан: Сосын агентте өздерінің емес, орамала таққан шет елдік қыздардың суретін салып қоятындар бар ғой... жыным келеді. Өлтіріп тастаса соларды! Өздерінше иманды болған түрлері ғой-деді.
Ешкім үндемеді. Менде. Себебі бұл қыздың ашулы арыны тойтарыс берместей еді. Сазарған бетбақтыққа толы жүзінде өзінікін өзеуреу үшін жан алып, жан беретін қарқын болған. Келіспейтініңді білдіру-өзіңді ел алдында масқара етумен тең еді.
Сондықтан да үндемедім. Бірақ ішім астаң-кестең!
Біреудің бірдеңеге, әсіресе Исламға қатысты көзқарасы менікімен сай келмей жатса әдетте қызыл кеңірдек бола кететінім бар еді. Және осы жолы аузын буған бұқадай боп отырғанымның екінші себебі қылтиып тұр. Бұл Астаналық бөлімге жаңадан келгем. Қалай дегенмен де бөтендеумін. Сондықтан аузымды буып отырмын. Мүмкін хақ дінім Исламды, оны ұстанған, орамал таққан мүмін қыздарды осы бір адуындыдының ақымақ сөзінен қорғап қалуға, араша түсуге иманымның жетпеген ме. Кәміл еместігі пе? "Алматыда болсам атып түрегелер ем" деп ақтап қоям өзімді.
Ал қазір ішімнен наразымын.
"Өлтіріп тастағым келеді"
Қандай тұрпайы, қорқынышты сөз. Өзіндей қазақтың қызын "агентке орамал таққан шет елдік қыздың суретін қойғаны үшін" ғана өлтіргісі келеді екен? Жоқ. Мүмкін гәп мұнда емес. Гәп сол қыздардың орамал таққандығында. Не деген ашу? Орамалы өрімдей, иманға бет бұрған, Алладан қорқып, әмірін орындаған қандасына қарасты не деген жек көрушілік? Бұл жек көрушілік пен жиіркеніс, кек пен ашу-ыза қайдан пайда болған? "Жек көрем, өздерінше иманды болған түрлері ғой"
"Ал сен кімсің?" дегім келді. "...сен кімсің? Тайраңдап тар шалбар киіп, былқ-былқ басқан балтырыңды бұлдап жүргенің жетістік пе?
Дүрдиген ерніңді елде жоқ қып бояп, бес қабат далап жағып, кірпігіңді кірпінің инесіндей ғып ұзартқаның имандылық па? "нөрмәлні" екен ғой."
Бірақ үндемедім. Аузым әлі буулы тұр.
Сосын ана қыз маған бұрылды:
"Сәлем, қалың қалай... " О, тоба, даусы тым нәзік шығып, кірпіктері діріл қақты. Жаңағы тіліп жіберсең қан шықпайтындай сазарған мордия аяқ астынан ибалы келбетке енді. Жазушылар суреттейтін "шиедей ерін, қарақаттай көздерге, күнәға қимастай бойжеткен сұлулыққа" айналды. Көз алдымда.
- Жақсы-дедім. Өтірік жымиғандаймын тіпті. Ақымақтық!

10 . 01. 11.
Сағ: 23:09

Астанаға көшіп келетіндердің көкейіндегі арманы мен мақсаты үй алудан басталады. Жалпы жұмыр басты пенденің, дәл «біздің» өлшеммен алғандағы армандардарының алдыңғы шебінде тұрар үй мәселесі басқа да қалаларға тән. Алайда Астана жайлы әңгіме басқа. Мұндағы көздің жауын алып жатар үйлерде кімнің тұрғысы жоқ? Ауасы таза, көліктері аз, адамдары аса мәдениетті бұл қалаға кімнің келгісі жоқ? Жауһар үйлерге тамсана қараушылар мен асқақ кейіпті Астанаға келушілердің санының күн санап артып келе жатуы осыған байланысты. Келетіндердің дені үйсіздер. Себебі қазақтар...
Алайда армандардың таусылмайтынын есепке алар болсақ одан кейінгі орындарда көлік деп білемін. Кәдімгі көлік. Тағы да қайталап айтам, бұл армандар тізбегі біздің өлшеммен, егер тағы да дәлірек айтар болсам, менің өлшеміммен. Әйтпесе армандары мұхит асып жататындар да бар ғой.Негізінде кім болмасын айналадағы құбылыстарды, материалдық қажеттіліктерді алдымен өз дүниетанымымен, пайымымен, түйсігімен, тұжырымымен көретіні заңдылық. Көп жағдайда екі аяқтыға (кенгуруға емес әрине) эгоист деген жапсырма атақ жапсырылып жатуы да осы бір қажеттіліктер топтамасынан бастау алып жатыр... Алайда бұдан қашып құтыла алмайсың. Қаптаған қажеттіліктер күн сайын жағаңыздан алып қаумалап жатса эгоист болмағанда кім боласыз? «Шіркін, менде анау болғанда ғой, пәлен нәрсе пәлендей болар еді. Шіркін, менде мынау болғанда ғой түген нәрсе түгендей болар еді...». Бірақ сол «анау мен мынау» болып жатса да жаны тыныш табар жайы жоқ. «Пәлені де түгені де» бітпейді. Демек сен өмір бойы эгоист болып өтесің. Это-факт! Өзіңдегі мәселемен өзге жайттарды байланыстырып жату-лимитсіз құбылыс.
Енді маған келер болсақ, менде көлік жоқ. Үй, ит, кинокамера және т.б. жоқ. Жоқ. Жоқ. Жоқ! Бұл түсінік, бұл «жоқшылық» туралы пайым мен тұжырым неден және қалай қалыптасты? Егер менің айналамдағы адамдардадың бәрінде бірдей көлік те, үй де, ит те, кинокамера да т.б-лар да жоқ болса, онда мен де тыныш қана танауым таңырайып, қайын жұртым әперген шәпкімді басып киіп жүре берер ме едім. Бірақ оларда бар ғой, БАР! Көршімнің, көршімнің нағашысының, әлдебір таныстың, таныстың танысының астында бір-бір көліктен болып, оңымнан бір солымнан бір зуылдап ағызып өтіп жатқанда мен қалайша көзімнің сұғын қадамаймын? Мен қалайша шәпкімді шешіп жерге бір түкіріп, шарасыздықтан ішім өтпейді? Мен қалайша тыныш ұйықтауым керек? Сондықтан да армандаймын, қызығам. Адами, яки, меніки қажеттіліктердің бәріне де қатысты бұл сезім. Армандау, мақсат қою, (түкіру мен іш өту...)
Қажеттіліктер туралы айлап айта берерім бар. Біреулерді жазғырудан аулақпын. Халыққа тиесілі байлықты халыққа үлестірмеді, жалақыны жарытпады, он алты ақ миллион халқы бар қазақ елін, ойбу, кешіріңіз, Қазақстан елін араб мемлекеттеріндегідей ақшаның астына көмбеді, зейнетақыны сығымдамай бермеді, осылай да осылай істемеді деп айтсам аузым қисайып қалатындай қорқам. Себебі бұл Қазақстан. Әсте Араб мемлекеті емееес! Нарық. Халық байлығына қатысты «Қазақстанның заңы басқа, иті де қара қасқа...» Кім мықты ісіңмен, үйіңмен, көлігіңмен дәлелдейсің. Ал дәлелдей алмады екенсің, онда «нәшәрсың»! Кімді несімен және қалай жазғырмақсың?
Себебі сенің астыңда мұнайың жатыр. Сенің астыңда білгіштер айтуды сүйетін «Менделевтің кестесіндегі» элементтердің 100 пайызы жатыр шіріп. Ал да іске асыр. Игілігіңе жұмса. Біреу қолыңнан қағып, құйрығыңнан тепті ме? «Нәшәрсың»! Армандары мұхит асатындардан сенің қай жерің кем? Тағы да өзің «нәшәрсың». Осындай жазғырулардан қорқам.
Міне тыныш қана, көрінгенге көзімді сатып, мұрнымның астынан міңгірлеп және ешкімге айтпай армандап, мұңымды жеңіп мақсат қойып жүргенім де содан.
Ал қажеттілік туралы айлап айта берерім бар.

Менің сын сағатымның таянғанын білген соң,
Вахтер апай күліп берді мә з болып...
Тілеуші еді кеткенімді тым алыс,
Студенттік мерзімім де аз қалып.
Вахтершінің бақытына мінекей,
Кете-тұғын таяу қалды күндерім,
Ел қуанса қуансын, мен мұңаям білгенім.


қуғынбай өлең-сымақ


Бір форумда қазақтар дін жайында таласқа түсіпті. Жазбағандары жоқ. Ұлық Алланы, оның Елшісін (С.А.С)өздерінің адами, ақылсыз, соқыр көздерімен талқыға салыпты. Берісі 11 жылдық мектептің, арысы 4 жылдық университеттің, одан қалса аннан-мыннан жиған білім-сымақтарымен түсінік беруге тырысқан. "Құдай жоқ", "Ақырет жоқ" деп те көкіпті.(Алла кешірсін.)
"Арабтану" дейді бір білгіш. Негізі осы бір сөз жақсы болды. Өтірік патриот сымақтардың, жалған ұлтшылдардың, бақсыға бағынып, жынға жығылуды көксейтіндердің сөзін өткізіп, қолын жүргізіп тұрған "көздірлері" болды бұл реплика.

Жақсыбай атамның ұлы айтады: "Біз іште жүріп мәзбіз. Жұмадағы аншлагты көріп кеуде кереміз. Ал сыртта, яғни Алматыдан тыс жерлерде Исламның иісі мұрнына бармайтындар өріп жүр" деп. Шынында осы бір форумдағы әңгімелерді оқып отырып қазақтардың да арасында дін мәселесіне келгенде сондай пасық, топас адамдардың бар екеніне көзім жетті. Сондағым ғой:


Барша дінсіз қазақтарға!

07-01-10 14:31

Қазағым сөзің, жаман кешегіден,
Шайтанның жармасасың етегінен.
Тәккаппар, өзінше боп шіренесің,
Жатып ап, ақылгөйсіп төсегіңнен.

Қалай ғана ауыр сөз сөйлейсіңдер?
Кеше шығып біреудің көтенінен.
Құрып қалғыр қызыл тіл не айтпайды?
Құр сөздердің айтасың бөтенінен.

Ертең сірә "тұмау" боп қырыларсың,
Күркілдейсің "күпірдің" жөтелінен.
"Құранды құр сөз" дейсің міз бақпайсың!
Қорықпайсың Тозақтың мекенінен.

Қалай ғана "елімді сүйем" дейсің?
Болып апсың дінсіздің мекерінен.
Пайғамбарды әрине танымайсың!
Татпаған соң иманның бал-шекерінен.

Күмәнің әсте сені алдамасын,
Жалғанның жай бір сынақ екенінен.
Аз мұрсатқа мәз болып масаттандың,
Қаперсіз боп өмірдің өтерінен.

Қаптап жүр ту ұстаған өңшең жәркей,
Үлгі ғып өзге ағымды шет елінен.
Айдалада өзіңше лағып жүріп,
Қорқасың "арабтанып" кетеріңнен,

Ұлыс пен ұлтқа бөліп хабарсызсың,
Бар ұлтқа бір-ақ діннің жетерінен.
Ислам-міне, ап-анық Аллах діні
Иманның мықтап ұста бекемінен.

Әрине, Алла бәрін көріп тұр ғой,
Ал әзірше не қылам, не етемін мен?...

Тауып алдым. кезінде жазыппын.

"Арманы асқақ"

23-07-08 06:31

Таң атты... Мен жұмыста қонып шықтым, жақсы ұйықтадым. Ешкімге арамдық істемедім, ондай ойымда жоқ және менің арманым асқақ. Әрине ол қызды жақсы көремін. Мейлі ол маған қарамаса қарамай-ақ қойсын! Назарын да салмасын, ойына алуға жиіркенсін. Тағдырымның шексіз сыйымен, өзі салып берген сүре жолымен жайлап келе жатырмын. Бірде қырға шығып марқайсам, бірдей ойға түсіп жігерленем. Міне менің өмірім осы...

Әрине сендердің тақырыптарыңа қатысы жоқ. Мейлі. Мен осындаймын. Мені түсінбеді Сәулем. Демек менің бар әлеммен арадағы саналы түсіністігімнің түкке тұрғысыз екенін айқайлап айтқым келеді. Айтам да, мен осылай өскем! Барын ашық айтып, алайда сырымды бүгіп! Ал қазір менің арманым асқақ, жігерім жер қопарардай!

САУУУ! [/FONT][/I]

Менің кейбір ұлттар туралы ешкімге керек емес өзімше көзқарасым бар. әрине мұным сол кейбір ұлттарға ұнамауы мүмкін. Мысалы, тіл мәселесінде орыстарға өкпем қара қазандай болса,елдік, бірлік мәселесінде жоқ туын, көк туын көліктеріне іліп жүрген немесе жүре бастаған ұйғыр халқына да ренішім жетіп артылады. Ит мәселесіне келсек көрей халқына да айтар біршама уәждарым бар дегендей... Осылай-осылай жалғасып кете береді.
..Өткенде әкемнің барлық құжаттары жоғалды. (көлік жіргізу құжаты, жеке бас құжаты, көліктің техникалық құжаты) Белгісіз біреулер (ұрылар шығар) көлігінен көртешесімен қоса алып кеткен. Ренжідік.Қынжылдық. Анам көз жасын сығып алды. Жыламай ше? Бір-ақ сәтте сонша жыл отасқан күйеуі "бомж" болып шыға келсе
Мен араға 3 күн салып "Паника" іздеу, табу орталығына өтініш бердім. Араға 3 сағат болмай "Паника" маған қоңырау шалды. Оларда біздің қынжылысымызға, ренішімізге, көз жасымызға түсіністікпен қараса керек. Әкемнің жеке бас құжаты табылыпты.
"Алло, Евгений Викторович, вы где я заберу у вас! Спасибо вам! я приеду.. ага... дай вам Бог здоровье" деп жатырмын. Байқағаныңыздай орыс тауып Паникаға хабарлаған екен.
Бардым. Кездестім.Алдым. Шал. Жерде жатқан байғус құжатты кемпірі көтеріп алыпты.Риза болдым. Орыстарға деген ренішім аздап басылғандай.
"Нет плохой наций, есть плохие люди"
осы бір сөзді айтқан Евгений Викторовичтардың арасында да жақсы адамдар жетерлік қарап отырсам...
Ал жоқ туын, көк ту-сымағын көліктеріне іліп жүргендерге әлі де ренжулімін...
"Бірлік болмай, тірлік болмасты" айтқан Абайдың ұрпағынан не жаманшылық көріпті?

Мақсатта ұйқы жоқтай көрінеді кейде. Күн демейді, түн демейді. Өз сөзімен айтқанда "американский" еп-ескі көлігімен Алматының ана басынан кіріп, мына басынан шығып ойқастап жүргені. Бітпейтін шаруалары мен бітпейтін уәделері сол ұйқтатпайтын.
Жаңа телефон соқты. "Келем" дейді...
Тағы кімге нендей уәде берді екен?

11ді бітіргенде жақын ағайынымыз мені Украинаға ұшқыштың оқуына жібермекші болған. "Бойың да салмағыңда сәйкес" деді. Алғашында "бойымның несі бар" деп тіксініп қалғам. Бірақ ешқашан көріп білмеген елге қызығушылығым басымдау болып кетті де, бірден келісім бердім. Керекті құжаттарды жинаған болдық...
Сағыныш досым естігенде әдетіне басты. "Олар шошқаның етін жейді" болды алғашқы сөзі. "Несі бар?" йығымды қиқаң еткізіп алманы "кірш" тістеп тұра бердім. "Шошқаның етін бізде де жеп жүр жегіштер"
Бұл тұрысым мен сөзіме, алманы "кірш" еткізіп тістегеніме ызасы келген Сағыныш бар өнерін салып Украина деп аталатын елді, ондағы адамдарды жерден алып, жерге салды. Ит сілікпесін шығарды. Жер бетінде олардан өткен оңбаған, лас, имансыз, адамгершіліктен жұрдай, ешкімге құрметсіз ел жоқтай болып көрінді сол сәтте.
Мен құжаттарды қайтадан алуға шешім қабылдадым.
Өткенде Секең "болашағы бар ұлттар" деп сол украин мен қырғыздарды айтқанда таң қалғам. "Нендей болашақ оларда" деп сұрағым да келген. Бірақ кейін ойласам...

13 10 2010 сағат: таңертеңнен кешке дейін...
Университетте Ербол деген курстасым болған. Ол жанның тыныштығы сетевой маркетингте деп қиялдап жүрді. «Байлық! Міне жанның тыныштығы. Көпіртіп ақша табу! Ендігі өмірімізді сетевой маркетингке арнайық»
Мен жанның тыныштығы жүректе, шығармашылықта деп бой бермедім...
«Дудар –айдың» түсірілімі. Студияда жүрмін. Жоқ қазір отырам. Себебі аяғым талды. Енді бір сәт сөйлемей-ақ қойсам ба деймін. ...Аузым талды.
«Ернат! Тыңдап ал! Тағы қайталап айтам...»
«Ғыжжж, ғыжж...» рацияның түрі осы. Бір сөз естілсе, бір сөз жұтылып кетеді. Кім жұтады, не үшін жұтады? Адамның нервісін ауыртып. Енді қайтадан түсіндіру керек...
«Ернат! Мына шелектің крупнягінен бастайсың да, панорамамен Әйгерімге өтесің.. Түсіндің ба?»
«Ғыжж, ғыжжж...»
«Ернат!»
«Ғыжжж, ғыжжжж»
«Дядя, Ермек, кранға тұрыңызшы... Әйгерім дайындал! Бастаймыз.»
Бәрі орнында. Бәрі түсінді. Ернат ПТСта кранды эфирге беріп отыр. Дядя Ермекте дайын. Әйгерім өз орнында, шелектің қасында тұр...
«Так.. дайындаламыз.. кеттік!»
Кадр шелекетің крупнягінен басталды. Кран жай қозғалып келеді...
«О... күшті» деймін іштей сыбырлап...
Кран жайлап көтерілді. Шелектен өттік... енді Әйгерімге панора...
«Стоп стоп!»
«Қап! Елки! Кім? Не боп қалды?» деймін ызаланып. ПТС-тан. Баха маэстро:
«Кешіріңіздер, қайтадан бастайықшы, звук дұрыс болмай қалды...»
«Ғыжжж, ғыжжж»
«Елки-палки! Звуктың не қатысы бар, шелектің крупнягінан Әйгерімге баратын панорамаға???» Ешкімге естіртпей сыбап аламын.
«Ернат! Тура жаңағыдай аласың...»
«Ғыжж, ғыжж...»
Атаңа нәлет, Рация!
«Ернат!»
«Ау? Не? Не дейсің? Қайтадан айтшы...»

Қайран, Ербол! Сен қайда екенсің қазір? Ойыңды өзгерпеген шығарсың деп үміттенем.

21 10 10 сағат 12:25
«Сегіз қырлының» түсірілім басталып кетті. Алматы көшелерінде сары жапырақтар ұшып жүр. Кәдімгі сары күз. Тұманбай (Молдағалиев) қартты әзер көндіріп жұмысынан алып шықтық. Офисі тым жұпыны екен.Үйінде түсірмекшіміз. Себелеген жаңбырға қарамастан көше бойында бізді алып кетуі керек көлікті күтуге тура келді. «Ренжір ме екен?"... тып-тыныш отырған жерінен үйіне баруға көндіргеніміз аздай енді сұп-суық көшеде көлік күтуге мәжбүрледік. Тұманбай қарт үнсіз тұрды. Дәтім шыдамады. Арырақ барып тұрдым. Жапырақтар сусылдап түсіп ағызған көліктермен жарысып барады. Сап-сары...
Тұманбай қарт бүкшиіп тұр. Ұялдым.